
Мұз үстіндегі қызғалдақ
Дикторлар
Кітап туралы
Жас қаламгер Айзат Рақыштың алғашқы прозалық жинағы «Өлгендер қайтып келеді» атауымен жарыққа шыққанда, «Қазақ әдебиеті» газетіне (№41-42, 21-27 қазан, 2016 жыл) сыни мақала жазған едім. «Айзат айшықтары» атты мақаламда жас жазушының ілкі қадамына құтты болсын айтып, сәт сапар тілегенмін. Ол енді араға көп уақыт салмай, өзінің екінші прозалық жинағын оқырмандарына ұсынып отыр. Бұл оның сөз өнеріне нық беталыс жасағанын көрсетіп отыр. Айзат Рақыш Алматы қаласы №156 жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен он жылдан бері ұстаздық етуде. Өзіне соншалықты таныс, ашылмаған қатпарлы құпиясы қалмағандай көрінетін жас ұланның жан әлемі Айзаттың қызықты, әрі ғибратты туындылар жазуына ықпал етті десем артық айтқандық болмас. Иә, автор қалам қайратының өсе түскенін «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атты ерекше нәзік, астарлы поэтикалық атауға ие прозалық жинағымен көрсетеді. Кітапқа енген әр шығармасында қаламгер «қыран текті қазақпыз» деген ұлы ойды басты идея етіп көтеріп отыр. Енді сол көркем туындылар жайлы толығырақ тоқталып өтейін. Айзат Рақыш өзінің шығармашылық ғұмырында алғаш рет деректі хикаят жанрына бой ұрған. «Мұзбалақ шыңды мекендейді» атты туындысы – қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы, Қазақ күресі Федерациясының тұңғыш Президенті, қазақ күресін оқытудың әдістемесін алғашқылардың бірі болып ұсынып, оқулықтар жазған профессор, ұлтымыздың нар тұлғаларының бірі Ерғали Мұхиддинов туралы деректі хикаят. Бұл хикаят оқырманына қазақ күресінің даму, өркендеу баспалдақтарын Ерғали бейнесі арқылы көрсетуге тырысқан. Ұлы мүдде жолында жүріп, ауыл баласы Ерғалидың қырантектілігін, мұзбалақ мінезін нанымды көрсете білген. Өнегелі өмірдің сырлы соқпақтары оқырманын жалықтырмай жетелейді. Ал жинақтың әсерлі атауын алған «Мұз үстіндегі қызғалдақ» әңгімесі – балаларға арналған туынды. Мұнда да Тәуелсіздік күні жас ұрпаққа дәріптеліп, жеткіншектердің еліне деген сүйіспеншілігі, соған орай өзара достықтары, тіпті балаң махаббаттары, шекіспей бекіспейтін ер табиғаты желілі түрде тартымды берілген. Тәуелсіздік ұғымын мұзды жарып шыққан қызғалдақ бейнесінде астарлаған жазушы кейіпкерлеріне асқақ тіл бітірген. Үзінді тыңдап көрелік. – Қазақ қызы, қызғалдағым, көтер басыңды! Мұз үсті емес бұл! Туған жердің тоңы да бізге қорған! – Батырым, Атамекенімнің ардақты топырағында бізге суық өтпейді! Біз көтерген бұл үн ғасырларға Тәуелсіздік болып жетеді! Осы тектес кестелі сөз өрнектері оқырманын селт еткізбей қоймасы хақ. Ұлт тектілігі мен Тәуелсіздік тарихымен суарылған алдаспан – бейнелер жиынтық түрге еніп, келесі туындыларында да көрініс тапқан. Ендігі шығармалары тек пен тексіздік, қазіргі қоғамдағы жиілеп кеткен тастанды сәби оқиғалары, оның ащы салдары жайлы трагедиялық түйінмен тартылған. «Қара түннің құпиясы» хикаятында суреткер Айзат перзент сүйе алмай зарыққан әйел мен азаматтың күйзелісін, оған керісінше некесіз туған сәбиінен құтылмаққа арпалысқан келіншектің күйінішін суреттеген. Қара түнде жұмбақ көмбедей жасырылған сол бір сұмдық құпия әшкере болып, хикаят кейіпкерлерінің өлімімен оқиға аяқталады. Автордың айтар ойы салмақты: әр адам өз ісінің салдарына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қасқыр да бөлтірігіне қас қылмайды деген ойға жетелейді.. Ал мынау қазақ неге өз қағынан жеріген құланнан бетер болып барады? Аталмыш тақырып «Тегімді менің сұрама» әңгімесінде бейнебір жалғасын тапқан дерсіз. Отыздың ортасынан асқанда, Гүлжаз жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге Әмір есімді перзент әкеледі. Әмір ер жете келе, өзінің тегін, қай ұлттан екенін білмей, диуанадай дала кезіп кетеді. Сол өзі үшін «әлдебіреудің» перзентін дүниеге әкелетін қайсыбір қазақ қыздары бұл әрекеттерінің соңы қазақ үшін ұлттың тексізденуіне алып барарын сезе ме екен? Осылай Айзат өз оқырманын сан тарау ойларға жетелейді. «Ақша бұлттар түнергенде» әңгімесінде кесірлі келін Қасен қарияны шаңырағынан, немересінен айырып, Қарттар үйіне апарып тастайды. Соның салдарынан қария қайғы мен күйіктен сол мекенде өмірден озады. Философиялық толғаныстарға, терең пайымдаулар мен байыпты баяндауларға толы әңгіменің тілі жатық. Қорыта айтқанда, жас жазушы Айзат Рақыш аталған жинағымен ұлтының болашағына байланысты көкейтесті мәселелер көтерген. Мұзды кезеңдерді көктей өтіп жеткен Тәуелсіздік қызғалдағы қыран текті нағыз қазақ барда өшпіп, солмасына автор сенеді. Бұл – ел ертеңіне сенген Айзат жазушының әдебиет әлеміне салмақпен басқан екінші қадамы. Шерияздан Елеукенов